Қазақстандағы бидай бағасы тоннасына 240 АҚШ долларына дейін қымбаттады - ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің ақпаратына сүйенсек, биылғы жылы бидай бағасының күрт өсуі астықты экспорттаушы басты елдердегі дүниежүзілік астық қорының 107 млн тоннаға дейін азайып кетуінен болып отыр.

"Бағаның өсуі астық саласының экономикасына оң әсер тигізуде. Өндіріс рентабельділігі, шаруа қожалықтарының табыстары және экспорт көлемі өсіп отыр. Сонымен қатар, астық бағасының өсуі ұн мен нанның қымбаттауына алып келді. Үкімет астықты тұрақтандыру қорларына сатып алу және бидай жеткіліксіз көлемде өндірілетін аймақтарға жөнелту жөнінде шешім қабылдады", - деп көрсетілген министрліктің баспасөз баянында.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің хабарламасына сәйкес, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" АҚ және Қазақстанның астық одағы Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Алматы облыстарының әкімшіліктерімен ұйымдастыру жұмысын жүргізді. Корпорация қаржысы есебінен бидай сатып алу туралы меморандумға қол қойылды. 16-қараша күнгі мәлімет бойынша, тұрақтандыру қорларына 163 мың тонна бидай сатып алынды.

Сондай-ақ, бұрын хабарлағанымыздай, Астана, Алматы қалалары мен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары Қазақстанның астық одағы, корпорация және әкімшіліктер қол қойған келісімге сәйкес астықпен қамтамасыз етіледі. Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарына Қазақстанның астық одағы қажетті мөлшерде ұн жібермек. Астықтың және ұнның жеткізілуі меморандум шарттарына сәйкес кесте бойынша жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, мемлекеттік қор астығын жаңарту үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден 345 мың тонна бидай сатып алынған. "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" астықтың сақталуын және сапасын қадағалау үшін мемлекеттік қордың бір бөлігін өзінің 5 элеваторында сақтауда. "Бұл астық сақтайтын кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы Қазақстанның басқа элеваторларына үлгі болып отыр", - деп көрсетілген баспасөз баянында.

Бұрын хабарлағанымыздай, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" мемлекеттік қорды жаңартумен қатар астықты коммерциялық сатып алу жұмысын жүргізіп отыр. 16-қарашаға дейін 542 мың тонна астық сатып алған. Министрлік хабарламасына сүйенсек, биылғы жылы сатып алу шарттары айтарлықтай жеңілдетілген. Бидай нарықтық баға бойынша сапасына байланысты тоннасына 225-240 АҚШ долларынан сатып алынып жатыр. Астық сатып алу 2008 жылдың көктеміне дейін жалғасады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті