Қазақстандағы ГФР елшілігі қазақстандық компаниялардың Германия аумағында өз өкілдіктерін ашуына ықпалын тигізуге әзір

А.Кертингтің айтуынша, Германия Батыс Қазақстан облысында индустриялық-инновациялық даму стрегиясын жүзеге асыруға, аймақта техносаябақтар салуға атсалысуға дайын. Германияның іскерлік өкілдері осындай ынтымақтастықты дамытуға пейіл, деді ол. "Біз үшін өңірдің қуат көздері қоры ғана емес, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі де қызығушылық тудырып отыр",- деді елші.

Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшісінің аймаққа сапарының екінші күні Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығымен және студенттерімен кездесуден басталды. Сондай-ақ, бүгін, 27-ақпанда ол Орал қаласының әкімі Вениамин Мукатаевпен жүздеседі. Бұған қоса Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясы мүшелерімен және "Хаймат" неміс мәдени-ағарту қоғамының өкілдерімен кездесулер жоспарланған. Елші неміс тілінде білім беретін Вольдорф бағытындағы мектеп-гимназияға барып, отбасылық үлгідегі балалар ауылында болады. Ал кешке қарай А.Кертинг Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімовпен кездеседі деп күтілуде.