Қостанай облысы орталығының тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы Игорь Коловтың айтуынша, Еуразия өнеркәсіптік қауымдастығының Алматыдағы ғимаратының жанында "олигархтардың әрекетінен зардап шеккен, атап айтсақ, жұмыстан заңсыз шығарылғандар, сондай-ақ, ірі қаржылық-өнеркәсіптік топтардың құрамына енетін қала түзуші кәсіпорындары бар қалалардың тұрғындары" жиналды.
Наразылық шарасына қатысушылар басты мақсатымыз - өз тауқыметтерімізге қоғам назарын аудару, Еуразия өнеркәсіптік қауымдастығының жетекшісі Александр Машкевичпен кездесіп, оған кәсіпорындардағы ахуал туралы мәлімдемені табыс ету болып табылады дейді.
И.Коловтың айтуынша, осындай наразылық шарасына қатысуға адамдарды Қазақстан президентінің елімізде олигарх топтармен күрес басталатыны туралы мәлімдемесі түрткі болған.
Еуразия өнеркәсіптік қауымдастығының кеңсе күзетшілері митингіге қатысушыларды ғимаратқа жібермей жатыр. Оқиға орнына тәртіп сақтау үшін Алматы қалалық ІІББ-ның 3 тобы келіп жетті.
Дәл қазір Еуразия өнеркәсіптік қауымдастығының ғимараты жанында Алматы, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан 60-70 адам жиналған. Наразылық шарасына қатысушылардың арасында Еуразия өнеркәсіптік қауымдастығының құрамына енетін кәсіпорындардың жұмысшыларымен бірге "Қазақмыс" АҚ-ның өкілдері де бар.