Қазақстандағы мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілеті төмен

Қазақстандағы мектеп оқушылары алған білімін іс жүзінде қолдана білмейді, деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.


           «Жуырда біз оқушылардың білімдегі жетістіктерін зерттейтін жаңа ұлттық жүйені іске қостық. Оның нәтижесі көңілге қонбайды – оқушылардың талқылау, салыстыру, ойын қорыту және жауабын дәлелдеу қабілеті төмен», - деді ол жұма күні білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінде.
           «Яғни, жаңа әдістемелерді енгізгенімізге қарамастан, ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Бұрынғыша тек «білім алуға» талпыныс бар да, сол білімін іс жүзінде пайдалану қабілеті дамытылмай отыр», - деп атап өтті министр.
           Б.Жұмағұловтың айтуынша, бұл фактіні балалардың ұлттық бірыңғай тестілеу барысында логикалық есептерден ақсауы да дәлелдеп отыр.
           «Мен мұғалімдердің бәрінің назарын осыған аударғым келеді. Алдағы уақытта біз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек», - деп қорытты ол.