Қазақстандағы мұнай өнімдері рыногына қатысушылар жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойды

"Ертеңнен бастап біз мұнай өнімдерінің бағасын тамыз айындағы деңгейге қайтадан қайтаруға тиіспіз",- деп мәлімдеді энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник. "Мұнай өнімдерінің көтерме және бөлшек саудадағы бағасы бірдей тұрақтануға тиіс",- деп атап өтті ол. Министрдің бағалауынша, бөлшек сауда желісінде АИ-80 маркалы жанармайдың бір литрі 50 теңгеге бағалануға тиіс. "Маржа көлемі 4-5 теңге көлеміне оралуға тиіс. Ал тамыздан бері ол 11 теңгеге дейін көтіріліп кетті",- деді энергетика министрі.
В.Школьник қазір елімізде жанармай мен дизельдік отынды шетелдерге шығаруға тыйым салынғанын еске салды. Оның айтуынша, биыл қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары 11,2-11,3 млн. тонна мұнай өңдейді. Ал былтыр бұл көрсеткіш 9,2 млн. тоннаны құраған.

>
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті