Қазақстандағы мұз айдыны шоуына әлемнің 19 атақты конькишісі келеді - Денис Тен

«Биыл Астана мен Алматыда өтетін «Олимпиада энергиясы» атты мұз айдыны шоуына Жапониядан, Ресейден, Америкадан, Канададан 19 атақты спортшы, оның ішінде 9 олимпиада чемпионы келеді. Қазірдің өзінде Жапонияның №1 спортшысы Мао Асада, Каролина Коснер, Эван Лайсаджек, Маским Маринин, Владимир Беседин, Алексей Полищук өздерінің келетіндігін айтты. Сонымен қатар, әлемге белгілі шоумен жүргізушілер, бишілер келеді», - деді Денис Тен.

«Бұл біздің елімізді танытуға септігін тигізетін үлкен жарнама құралы болмақ. Сондай-ақ, жас жеткіншектер өздері еліктеп өскен спортшыларын көріп, олармен тілдесе алады. Бұл олардың спортта жетістікке жетуіне септігін тигізеді», - деді спортшы.


Олимпиада жүлдегерінің ойынша, мұндай мәдени шаралар қазақстандықтардың күнделікті күйбеңді бір сәт ұмытып, көңілді уақыт өткізуге мүмкіндік туғызады.

Биылғы шоудың ерекшелігінің бірі - концерттік бағдарлама симфониялық орекстрдің сүйемелдеуімен өтеді.

Әлемдік деңгейдегі шоу Алматыда 28-29 мамырда өтеді. Әлемдік жұлдыздардың мұз айдынындағы өнерін астаналықтар 30 мамырда тамашалай алады.

Билеттер мамырдың басынан сатыла бастайды.