Қазақстандағы саяси жүйені өзгертпейінше инвестициялық ахуалды өзгерту мүмкін емес - Ж.Тұяқбай

"Кез-келген инвестор елімізге келгеннен кейін қосалқы шығын көлемін 20-30 процентке арттыру қажеттігінен алдын-ала хабардар. Ең бастысы, өкпе-назыңды айта баратын ешкім жоқ. Еліміздегі билік олигархиялық капиталмен толыққанды әмпей-жәмпей, кірігіп бітті. Заңнамалық және басқа да көптеген шешімдер жеке бастың мүддесіне қатысты шешіммен тоқайласа қабылданды",- дейді Ж.Тұяқбай.

Қазақстандағы мемлекеттік құрылымдар түгелдей дерлік сыбайлас жемқорлықтың жемсауына іліккен деген пікірді Қазақстан туралы бірнеше кітаптың авторы, Карнеги атындағы қордың аға серіктесі Марта Брилл Олкотт та білдірді. "Елдегі орта тапты қалыптастырушы басты қайнар көз - шағын және орта бизнестің дамуын аяқтан шалып отырған басты проблема - жемқорлық",- деді ол.
Оның пікірінше, "Өзбекстан мен Қырғызстандағы оқиғаларға негізінен дәл осы орта және шағын кәсіпкерлердің арасындағы наразылық себепкер болды".
"Адамдардың жырғаулы тұрмыс-тіршілікке деген талпынысы қанағаттандырылуы тиіс. Егер билеуші элита жемқорлыққа белшеден батса, адамдар басқаша балама жолдарды іздестіре бастайды",- деді ол.
М.Олкоттың пікірінше, шағын және орта бизнестің басты мақсаты мен құндылығы сонда, оның арқасында жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындар тұрақты жалақы алады. Белгілі бір әл-ауқат деңгейі қалыптасады, кез-келген мемлекеттің тұрақтылығына тірек болатын орта тап өкілдері көбейеді, деді ол.
"Аймақ өңірлерінде исламдық экстремистік ұйымдардың бар екенін әркім біледі. Олар жұмыссыз және білімі таяз адамдарды айналасына шоғырландыратыны белгілі",- деді М.Олкотт.
"Тұрақты дамуға қол жеткізгісі келсе, Қазақстан орта тапты дамытуға міндетті. Сонымен бірге Қазақстан аймақтағы еңбек ресурстарын біріктіруші көшбасшы ролін өзіне жүктей алады",- деді ол.