Қазақстандағы түрмеде отырған тұтқындар саны қанша?

Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

«Қазіргі таңда еліміз сотталып, түрмеге тоғытылған азаматтарының саны жағынан 35-ші орында тұр. Колонияларда отырғандар саны қазір 49 мыңға жуықтады (...)

Біз аталған көрсеткіш бойынша көшбасшылар тізімінен шығуымыз керек», - деді министр дүйсенбі күні мәжілісте өткен «үкімет сағатында».

Жағдайды қылмыстық-атқару жүйесінің пробациялық қызметін дамыту арқылы біршама түзетуге болады деген үміт бар, деді министр.

«Біз сотталғандарды электронды білезіктер арқылы бақылай аламыз. Ақша берілуі тиіс. Содан соң әр ауданда тұтқындарды бақылауға мүмкіндік беретін аппаратуралар құрамыз», - деп түсіндірді ол.

Министрдің айтуынша, бүгінде еліміз бойынша 7 мыңнан астам сотталған азамат пробациялық бақылауға алынған. «Жаңа Қылмыстық кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін, сотталғандардың тағы 3-4 категориясын пробациялық бақылауға енгізуге мүмкіндік тумақ. Сонда пробациялық қызмет арқылы бақыланатындар саны 50 адамға жуықтайды» дейді ол.

Осы орайда сала басшысы бас бостандығынан айырылған әр азаматты күтуге жыл сайын бюджеттен 651 мың теңге, ал бір тұтқынды тергеу изоляторында ұстау үшін 950 мың теңге бөлінетінін алға тартты.


Оның үстіне, «қазір колонияларда жұмысқа жарамды азаматтардың жартысы ғана еңбек етеді».

«Әрине, бұл аз. Қазір біз түзеу мекемелерінде 10 шақты тауар түрін шығарамыз. Атап айтсақ, жиһаз, құрылысы материалдары, тоқыма бұйымдары жасалады, бұл болмашы ғана нәрсе», - деді Қ.Қасымов.

Сонымен қатар ол Қазақстанда мемлекет пен жеке меншік әріптестігі негізінде түрмелер салу көзделіп отырғанын тілге тиек етті.

«Тендерді ұтып алып, колония салған адам өз өндірісін сол жерге ала келеді. Қазір бірде бір адам өз бизнесін түрмеге өткізгісі келмейді. Өйткені, түрменің бәрі ескірген, тозығы жеткен», - деді Қ.Қасымов.