«Біз халықаралық байқаушы ретінде Қазақстандағы Президент сайлауына осымен үшінші рет қатысып отырмыз. Биылғы сайлау өте сауатты және жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Біз 33 сайлау учаскесін араладық, онда ұзыннан-ұзақ созылып, кезек күткен адамдарды көрдік. Олардың сайлауға деген қызығушылығы өте жоғары екен», - дейді АҚШ байқаушысы, сарапшы Ричард Вайц.
Ал оның әріптесі, Jamestown Foundation сарапшысы Влад Сокордық айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы мен жергілікті сайлау учаскелерінің сайлауды ұйымдастырудағы шеберлігі жоғары.
«Біздің байқауымызша ОСК Үкіметтік емес ұйымдарды тәуелсіз бақылаушы ретінде тартып отыр. Бұл да қоғаммен байланыстың бір түрі. Сонымен қатар, сайлаушылардың тікелей тілдесуі үшін арнайы сайт та ашылған, бұл трансаренттілік деңгейінің биіктігін көрсетеді. Сондай-ақ біз таң атқаннан кеш батқанға дейін сайлаушылардың топ-тобымен келіп, белсенді түрде дауыс бергенін өз көзімізбен көрдік. Және бір айта кетерлігі, сайлаушылардың көп бөлігі күннің бірінші жартысында-ақ дауыс беріп үлгерді», - дейді ол.
Сонымен қатар АҚШ-тан келген тағы бір байқаушы, «Салық және инвестициялар» халықаралық орталығының президенті Дэниел Виттің айтуынша, Қазақстандағы және АҚШ-тағы Президент сайлауын салыстыруға да келмейді.
«Біз сайлауды ұйымдастыруда Қазақстанның шаңына да ілесе алмаймыз. Тіпті салыстыруға да келмейді. Мұнда сайлаушылар өз дауысын беру үшін 2 сағатқа дейін кезекте тұра алады», - дейді ол.