Сонымен Қазақстан Республикасы Президентінің Қостанай қалалық сотының төрағасы болып Мұрат Найманов тағайындалды. М. Найманов 1965 жылғы 14 қазанда Қостанай облысында туған. ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің заң факультетін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы тракторшы болып бастаған, ал 1995 жылы Қостанай облысы Қамысты аудандық сотының әкімшілік және атқарушылық өндіріс жөніндегі судьясы лауазымында болды.
Әр жылдары Қостанай облысының Наурызым, Алтынсарин және Жітіқара аудандық соттарының төрағасы болып істеді.
Ал ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық степендиясының түлегі Ғани Нығметов тағайындалды. Ғани Нығметов 2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша үздік белгімен тәмамдады, 2007 жылы Монтерей халықаралық зерттеу институтын (АҚШ) мемлекеттік басқару магистрі дәрежесі бойынша бітіріп шықты. Назарбаев Университеті базасында Дьюк Университетін (АҚШ) қоса Executive MBA бағдарламасы бойынша білім алуда. Машықтану курстарын БҰҰ Даму бағдарламасында (Нью Йорк қ-сы, АҚШ), Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Басқару мектебінде (АҚШ), Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің Executive Education бағдарламасы бойынша (Сингапур), Еуропалық колледжде (Бельгия), Колумбия университетінде (АҚШ) өтті. 2007-2009 жылдары Ғ. Нығметов «ҚР Үкіметі және Ұлттық Банкі жанындағы Ұлттық талдау орталығы» АҚ әкімшілік реформасы мәселелері бойынша сарапшы-талдаушы, мемлекеттік басқару департаменті жобасының менеджері болып қызмет атқарды. 2009-2011 жылдары «Назарбаев Университеті» АҚ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып істеді. 2011-2012 жылдары Назарбаев Университетінің Энергетикалық зерттеулер орталығы бас директорының даму жөніндегі орынбасары-ғылым жөніндегі орталық кеңсесінің директоры лауазымдарында болды. Соңғы тағайындауға дейін Ғани Нығметов Назарбаев Университетінің ғылыми және инновациялық қолдау мәселелері жөніндегі еншілес ұйымы, Nazarbayev University Research and Innovation System (NURIS) бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры қызметін атқарды.
Сонымен қатар осы аптада «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның бас директоры болып Махамбет Досмұхамбетов тағайындалып, аталған акционерлік қоғамның Директорлар кеңесі құрамына енгізілді. Мұнай компаниясының жаңа жетекшісі 1960 жылы Гурьев (Атырау) облысында дүниеге келген. Мәскеу мұнай химиясы және газ өнеркәсібі институтын бітірген. «МақатМұнайГаз» және «ДоссорМұнайГаз» МГӨБ бас геологы болып істеген, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Жетекші партия «Нұр Отан» сапында да кадрлық өзгеріс орын алды. Атап айтқанда, күні кеше «Нұр Отан» ХДП Теректі аудандық филиалының ХІІ конференциясында партияның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» атты жаңа саяси доктринасы талқыланып, сол жиында филиал төрағасы сайланды. Бұл қызметке Жеңіс Серікқалиев келді. Ол 1978 жылы дүниеге келген, 2001 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін жерге орналастыру, инженер-жерге орналастырушы мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын 1995 жылы Жалпақтал аудандық тұтынушылар одағында қойма меңгерушісі болып бастаған ол 2001-2008 жылдары жерге орналастыру және жер кадастры мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы Батыс Қазақстан облыстық еншілес кәсіпорнында жер жұмыстары бөлімінің инженер-жерге орналастырушы, Бөрлі аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің бас маманы, Батыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының жер телімдерін беру және қайтарып алу жөніндегі ұсыныстар дайындау бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2008-2010 жылдары - Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі бас инспекторы. 2010 жылдың қарашасынан осы кезге дейін Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары болды. Батыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының бастығы қызметін атқарды. Ағымдағы жылы Теректі ауданының әкімі болып сайланған еді. Сондай-ақ Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының төрағасы, Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.
Тағы бір тағайындау. Таяуда «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтай жиналысы өткен еді. Осы алқалы жиын барысында аталған салалық кәсіподақтың төрағасы болып «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Әлеуметтік саясат және қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Сұлтан Қалиев тағайындалды.