Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарда да біршама кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен Елбасы Жарлықтарымен: Дәулет Қасекенұлы Батырашев Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі; Болат Тұрарұлы Нүсіпов Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі; Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бекетжан Махатжанұлы Жұмаханов Қазақстан Республикасының Камбоджа Корольдігіндегі, Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасындағы елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Әлихан Мұхамедияұлы Байменов Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы болған.

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өкімімен  өңірлік жер қатынастары басқармасының басшысы болып Әлібек Наутиев тағайындалды.

Әлібек Наутиев  51 жаста. Еңбек жолын Махамбет ауданы Таңдай ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін атқарушы билік органдарында түрлі қызмет атқарды. Әр жылдары Атырау облысының Қызылқоға, Құрманғазы және Индер аудандарының әкімі болды.  2010 жылдың ақпанынан  NCPOC компаниясында қоғаммен байланыс бойынша маманы болып істеген. 

Осы аптада Амандық Баталов Алматы облысы әкімінің аппарат жетекшісі етіп, 49 жастағы Әбдірайымов Ғалымжан Райылұлын тағайындады. Бұған дейін Ғалымжан Райылұлы Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің өкімімен Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалды. Ә. Өсербаев 1961 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, мамандығы бойынша инженер-химик-технолог. Түркістан қалалық мәслихаты хатшысының міндетін уақытша атқарушы, Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Кентау, Түркістан қалалары әкімдерінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 2013 жылдың тамызынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып еңбек еткен.

Ал Түркістан қаласының бұрынғы әкімі  Бақытжан Айдарханұлы Әшірбеков Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Б.Әшірбеков 1966 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, мамандығы бойынша тарих, қоғам тану пәндерінің мұғалімі және тәрбие жұмысының әдіскері, заңгер. Шымкент қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат, заң бөлімдерінің бас маманы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппараты заң бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметтерінде болған. 2013 жылдың маусымынан Түркістан қаласының әкімі болып еңбек еткен.

Павлодар қаласы әкімінің өкімімен Досанов Ардақ Ермағанбетұлы қала әкімінің экономикалық мәселелер бойынша орынбасары болып тағайындалды. Ардақ Ермағанбетұлы 1980 жылы туған, жоғары білімді. 2001 жылы Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ді «қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.


Еңбек жолын 2001 жылы ҚР Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттікте бастаған. 2003-2011 жылдар аралығында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде түрлі қызметтер атқарған. 2014 жылдың маусым айынан қазірге дейін Павлодар әкімінің кеңесшісі болды.

Ақтөбе қалалық сотының судьясы қызметіне Айгүл Абдуллина, Светлана Мұқашева, Манарбек Мыңбаев тағайындалды. Сондай-ақ Ақтөбе облыстық мамандандырылған экономикалық ауданаралық сотының судьясы қызметіне Мария Шәріпова, Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы болып Дәурен Хамиев, Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы қызметіне Перизат Атыбаева тағайындалды.

Ринат Ақбердин Азық-түлік келісім шарт корпорациясы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып  тағайындалды.  Р.Ақбердин 1979 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келді. Жоғары экономикалық білімі бар. «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына келгенге дейін Ринат Ақбердин «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында Басқарушы директоры болды. 

Қазақстан және Египет Араб Республикасы Қамқорлар Кеңесінің шешімімен Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам Мәдениеті университетіне жаңа ректор тағайындалды. Университетті әйгілі Әл-Азһар университетінде лауазымды қызмет атқарған доктор, профессор Жуда Әбулғани Басюни басқаратын болды.