Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Сонымен, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен аптада ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режімде Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, әкімдер жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағаларының қатысуымен кеңес өткен болатын. Бұл кеңесте Гүлшара Әбдіқалықова кеңеске қатысушыларға Ұлттық комиссия төрайымының екі орынбасары - Парламент Мәжілісінің депутаты Е.И.Тарасенконы, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.Сүлейменді таныстырды.

Г.Әбдіқалықова Ұлттық комиссия ағымдағы жылғы жұмысын өңірлік дамуға барынша екпін салатынын атап өтті. Ұлттық комиссия мен өңірлік комиссиялардың алдында үйлесімді әрі сапалы бірлескен жұмысты талап ететін маңызы зор міндеттер тұр.

Сонымен бірге Астана әкімдігінде бірқатар кадрлық тағайындаулар болды. Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков аппарат кеңесі барысында ұжымға аумақтық бөлімшелердегі және әкімдікке ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдағы жаңа басшыларды таныстырды. 

Астана қаласы бойынша Ветеринарлық бақылау және қадағалау аймақтық инспекциясының басшысы болып Айтбай Тайжанов,  Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің  басшысы болып Дүйсен Әділханов тағайындалды. Астана қаласы әкімінің өкімімен жаңа Мемлекеттік сатып алулар басқармасының бастығы болып Олжас Бектенов келді.

Сондай-ақ Астана қаласы әкімінің өкімдерімен: Бисембаев Қайрат Әшіралыұлы - Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы,  Ахметов Ербатыр Қасембайұлы - Астана қаласының Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Еске сала кетейік, жергілікті мемлекеттік базалық құрылым негізінде қалыптасқан «Қазақстан Республикасының елордасын басқару сызбасында» үш жаңа басқарманы (Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы және Мемлекеттік сатып алу басқармасы) құру қаралған болатын.

Бұған дейін хабарланғандай, Астана қаласы әкімінің өкімімен қалалық мемлекеттік сатып алулар басқармасының бастығы болып Олжас Бектенов тағайындалды.

21 қаңтар күні БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев өңір активінде жаңадан тағайындалған орынбасарларын таныстырды.

Осыған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Серік Шәпкеновтің ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалуына байланысты оған жаңа орнында сәттілік тіледі. Облыс басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес кадрлар біліктілігін арттыруға ұдайы көңіл бөлініп келе жатқанын, орталықтан өңірлерге, өңірлерден орталыққа мамандардың ауысуы олардың мемлекеттік қызметте тәжірибе жинақтауына септесетінін атап өтті.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен С.Шәпкеновтің орнына бірінші орынбасар болып Арман Өтеғұлов тағайындалды. Ол осыған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған еді. Сондай-ақ бұған дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО филиалының директоры болған Игорь Стексов облыс әкімінің орынбасарлығына бекітілді.

Жаңа тағайындауларға байланысты жауапты лауазымдық міндеттер де өзгерді. Облыс  әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов ауыл шаруашылығы саласына қоса Орал қаласы мен аудандар әкімдеріне, басқарма басшыларына жалпы басшылық жасайды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімов экономика және қаржы, мұнай-газ саласына жетекшілік етеді. Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов сыртқы экономикалық қатынастарға, орта және шағын бизнестің дамуына, индустриялық-инновациялық бағдарламаның жүзеге асуына, өнеркәсіп кәсіпорындарының тиімді жұмыс жасауына жауап береді. Облыс әкімінің орынбасарларына бұдан басқа да қосымша міндеттер жүктелетін болады.

Осы аптада Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Қаратал ауданының әкімі тағайындалды.

Ол - Жамбыл облысының тумасы Қайрат Бисембаев. Бұдан бұрын Астана қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының  басшысы болған.

Бұрынғы Қаратал ауданының әкімі Сұлтан Дүйсенбиев Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.  Бұдан басқа, облыстық ветеринария басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Ол бұрын облыстық ветеринария басқармасының ветеринарлық-санитариялық шаралар, ауыл шаруашылығы малдарын лицензиялау және бірдейлендіру жүргізуді ұйымдастыру бөлімінің басшысы болды.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Сәдуақасов Жанат Ғаббасұлы ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Жанат Сәдуақасов 1981 жылы туылған, жоғары білімі бар, Солтүстік Қазастан мемлекеттік университетін «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2003 жылғы қыркүйекте «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-да инженер-құрастырушы болып бастады.


2007 жылғы сәуірден 2010 жылғы сәуір аралығында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы, содан соң бөлім бастығы қызметтерін атқарған. 2010 жылғы сәуірде облыс әкімінің бас инспекторы болып тағайындалды.

2011 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып қызмет еткен.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының 2015 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен Рустам Жүрсінов басқарманың мүшесі, ҚР ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ол өз міндеттеріне 2015 жылдың 21 қаңтарында кірісті.

Рустам Манарбекұлы Жүрсінов 1976 жылдың 16 ақпанында Өскемен қаласында дүниеге келді. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін (заңгер), 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (экономист), 2013 жылы - «СКОЛКОВО» Мәскеу басқару мектебін (Executive MBA) тәмамдаған.

Әр жылдары ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігіндегі заң департаменті директорының орынбасары, «GRATA» заң фирмасының серіктесі, «КМГ-Консалтинг» ЖШС бас директоры, «ҚазМұнайГаз» «Барлау және өндіру» АҚ-ның құқықтық мәселелер бойынша басқару директоры, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-да заң департаментінің (басқарма мүшесі) директоры болып жұмыс істеген. ҚР ҰКП-на тағайындалуына дейін «KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры болып қызмет еткен. Нұрлан Мұқаев ҚР ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысы барысында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (ҚМГ) басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Кристофер Саймон Хопкинсон ҚМГ БӨ директорлар кеңесінің және ҚМГ директорлар кеңесінің тағайындау комитетінің төрағасы болып сайланды.

ҚМГ БӨ директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі 2015 жылғы 13 сәуірде аяқталады.

2015 жылғы 21 қаңтардағы жағдай бойынша ҚМГ БӨ директорлар кеңесінің құрамы:

Кристофер Хопкинсон - ҚМГ БӨ директорлар кеңесінің төрағасы және ҚМГ Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары;
Абат Нұрсейітов  - бас директор, ҚМГ БӨ басқармасының төрағасы;
Тимур Бимағамбетов - ҚМГ ҰК теңіз және жекелеген мұнай сервистері жобалары бойынша басқарма төрағасының орынбасары; 
Әсия Сырғабекова  - ҚМГ ҰК инвестициялар мен тәуекелдерді басқару жөніндгі басқарушы директор;
Ержан Жанғауылов - ҚМГ ҰК құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директор;
Филипп Дэйер - тәуелсіз директор;
Эдвард Уолш - тәуелсіз директор;
Аластэр Фергюсон  - тәуелсіз директор.

2015 жылғы 21 қаңтардағы жағдай бойынша ҚМГ БӨ директорлар кеңесінің тағайындау комитетінің құрамы:

Кристофер Хопкинсон - тағайындау комитетінің төрағасы;
Эдвард Уолш - тағайындау комитетінің мүшесі;
Филипп Дэйер - тағайындау комитетінің мүшесі.

К. Хопкинсон   мұнай-газ саласында 1980 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. ҚМГ ҰК-да жұмыс істегенге дейін ол International Petroleum компаниясының бас директоры, Imperial Energy компаниясының бас директоры және BG тобының солтүстік-африкалық активтері бойынша бірінші вице-президенті лауазымдарын атқарған. Бұдан бұрын  өз мансабы жолында ол Shell және TNK-BP компанияларында түрлі салада жұмыс істеген. Хопкинсон   Сент-Эндрюсск  университетінде (физика) білім алған.

Еуразиялық топқа (ERG) кіретін «Қазақстан Алюминийі» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен басқарма төрағасы - акционерлік қоғамның президенті болып Арман Бекетұлы Есенжолов тағайындалды.

Сондай-ақ директорлар кеңесінің шешімімен кәсіпорынның жаңа ұйымдық құрылымы қабылданды. Ал, кәсіпорынның бұрынғы басшысы Алмаз Ибрагимов «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-та ары қарай  кәсіпорын құрылымында жұмысын жалғастырады.

51 жастағы Арман Есенжолов Мәскеудегі болат және қорытпа институтын «Қара металдар металлургиясы» мамандығы бойынша бітірді, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Іскер әкімшілік шебері біліктілік дәрежесін алды. Техникалық ғылымдардың кандидаты және ғылыми дайындамалардың авторы, патенттері мен авторлық куәліктері бар.

Арман Бекетұлы Еуразиялық Топ құрылымында 30 жылға таяу жұмыс атқарды. Ол жұмысын 1986 жылы Еуразиялық топ құрамындағы ««Казхром» ТҰК» АҚ филиалы - Ақтөбе ферроқорытпа зауытында бастады. Осы жерде кәсіпорынның бас инженеріне дейінгі кәсіби өсу жолы баспалдағынан өтті. Әр жылдары лауазымды қызметтерді атқарды. 2014 жылдың қыркүйегінде «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның бірінші вице-президенті болып тағайындалған болатын.