Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Дегенмен, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында басқарма басшылары ауысты. ҚазАқпарат осы тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өкімімен облыстық білім басқармасының басшысы болып Нұрсәуле Сайлауова тағайындалды. Нұрсәуле Сайлауова 1977 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы психолог және педагог-дефектолог.

Еңбек жолын 2001 жылы Алматыдағы №136 мектепте психолог болып бастаған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында аға оқытушы болған. 2008 жылдан бастап «Жастар саясаты» орталығының директоры, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті болған. 2014 жылдың шілде айында қалалық білім бөлімінің басшысы болып тағайындалған.

Ал Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысының бұйрығымен Жанболат Қайроллаұлы Самашев Семей қаласы Әділет басқармасының басшысының орынбасары қызметінен босатылып, Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Семей қаласы Әділет басқармасынының басшысы қызметіне тағайындалды. 

Жанболат Қайроллаұлы 2005 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің жетекші және бас маманы болып жұмыс атқарды. 2012 жылдың қаңтар айы 2013 жылдың қараша айының аралығында Солтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің Петропавл қаласының Әділет басқармасының бастығы болды. 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап, Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Семей қаласы Әділет басқармасынының басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев қызметінен босап, «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы болып тағайындалды.


Әлібаев Нұржан Нұрмағамбетұлы, 1967 жылғы 5 наурызда Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «металл кесетін станоктар мен аспаптар», «Әулие-Ата» Халықаралық бизнес университетін «қаржы және несие» және М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «юриспруденция» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1984 жылы Арал қаласындағы Кеме жөндеу зауытында І санатты слесарь-жинаушы болып бастаған. 2001-2002 жылдары Тараз қаласы әкімінің орынбасары; 2002-2003 жылдары «Тараз-2000» Корпоративтік қорының директоры; 2003-2005 жылдары Тараз қаласы әкімінің бірінші орынбасары; 2005-2006 жылдары «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ-ның басқарушы директоры; 2006-2007 жылдары Маңғыстау обласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары; 2007-2009 жылдары «Маңғыстау облысы әкімдігінің істер басқармасы» МКҚК-ның директоры; 2009-2013 жылдары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның басқарушы директоры болған.