Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

жаңа Төтенше және Өкілетті Елші тағайындалды. ҚазАқпарат осы тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен, өтіп бара жатқан бұл аптада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Мәжіліс Төрағасының орынбасары етіп депутат Абай Тасболатовты сайлады.

Конституцияға сәйкес, Мәжіліс Төрағасының орынбасарын Палата төрағасы ұсынады. Осыған орай, спикер Қабиболла Жақыпов өзінің орынбасары ретінде Абай Бөлекбайұлы Тасболатовтың кандидатурасын ұсынған болатын. Бұған палата депутаттары бір ауыздан қолдап, дауыс берді.

Ол 1951 жылғы 21 қыркүйекте Солтүстік-Қазақстан облысы Ленин ауданының Николаевка селосында туған. Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, М.В. Фрунзе атындағы Әскери академиясын, Ресей Федерациясының Бас штабы Әскери академиясының Жоғары академиялық курсын бітірген. Әскери атағы - генерал-лейтенант. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академиясының толық мүшесі.

1969-1973 жж. - Ташкент және Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищелерінің курсанты; 1973-1975 жж. - Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің взвод командирі; 1975-1980 жж. - Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің рота командирі; 1980-1983 жж. - М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияның тыңдаушысы; 1983-1986 жж. - Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің тактика пәнінің мұғалімі; 1986-1990 жж. - Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі курсанттары батальонының командирі; 1990-1991 жж.- Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі жанындағы запастағы және кадрлық офицерлерді дайындау бөлімшесінің бастығы; 1991-1992 жж. - Мемлекеттік қорғаныс комитеті жанындағы жоғары оқу орындары және әскери емес штаб дайындығы бөлімінің бастығы; 1992-1997жж. - Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищенің бастығы; 1997-2002 жж. - Әскери академияның бастығы; 2002- 2006 жж. - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары; 2006 - 2011 жж. - Республикалық ұланның қолбасшысы.

2012 жылдан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Даңқ» - І дәрежелі, «Даңқ»- ІІ дәрежелі, «За службу Родине в Вооруженных Силах СССР» - ІІІ дәрежелі ордендерімен және «За боевые заслуги» медалімен марапатталған.

Бұдан бөлек, аптаның ортасында Қостанай әкімдігінде қалалық мәслихат депутаттары облыстық орталықтың жаңа әкімінің кандидатурасын мақұлдады. Қала басшысы Базыл Жақыпов болды.


Б. Жақыпов жаңа тағайындауға дейін облыс әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары болып жұмыс істеді.

Базыл Жақыпов 1965 жылы туған. 1991 жылы «ғалым агроном» мамандығы бойынша Целиноград ауыл шаруашылығы институтын аяқтады. 2006 жылы «қаржыгер» мамандығы бойынша Алматы экономика және статистика академиясын аяқтаған. Қостанай облысының мемлекеттік органдарында түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2009 жылғы ақпаннан бастап Меңдіқара ауданының әкімі болды. Соңғы лауазымы: облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары.

Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Сергей Нұртайұлы Нұртаев Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.

Сергей Нұртайұлы Нұртаев 1974 жылы 6 қарашада дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің үшінші хатшысы, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 2004 жылдың наурыз айынан Қазақстан Республикасының Санкт-Петербор қаласындағы Бас консулы болып қызметтер атқарған. 2007 жылдан - Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы істері бойынша уақытша сенімді өкілі. 2009 жылдан бастап Қазақстанның Грекиядағы Төтенше және өкілетті елшісі.

Атап айтқанда, бұл аптаның басында ҚТЖ басқармасының құрамы өзгергендігі белгілі болды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директорының төрағалығымен «Қазақстан темір жолы»  ұлттық компаниясы Директорлар кеңесінің отырысы барысында қаржы-экономикалық, ұйымдастыру, кадрлық мәселелер қаралды.

Отырыс нәтижесі бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма мүшелері Шолпан Омарбекова мен Нұрдәулет Қилыбайдың  өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімі қабылданды. Сондай-ақ отырыс аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқармасының мүшелері болып Мақсат Қабашев пен Ақболат Жағыпаров сайланды. Корпоративтік хатшы болып бұрын осы орында болған Еркін Қарымсақов тағайындалды.