Қазақстандағы жолаушылар вагондарының тұрағында 2 мыңнан астам вагон бар

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қазіргі кезде "Жолаушылар тасымалы" АҚ Ұлттық тасымалдаушының активінде испаниялық Talgo фирмасының 60-қа жуық жолаушылар вагоны бар. Олар "Астана-Алматы" және "Алматы -Шымкент" бағыттары бойынша қатынайды.

Алайда ведомствода атап өткендей, жолаушылар вагондары тұрақтарында тозығы жеткен вагондар басым. Егер вагондар орташа есеппен 28 жыл қызмет етеді десек, 20 жылдан астам қолданылған вагондар есебі 36 пайыз, ал 28 жылдан астам уақыт пайдаланылған вагондар үлесі 19 пайызды құрып отыр.

Биыл "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Қытайдың 152 жолаушылар вагонын сатып алмақшы. Сондай-ақ, локомотивті паркті 2015 жылға дейін жаңарту бағдарламасына сәйкес 75 магистральды тепловозды ( 2007 жылы - 30) және 190 магистральды электровозды жаңарту көзделіп отыр.

Оған қоса, 300 магистральды тепловоз, 40-тан астам жолаушылар электровоздарын (олардың ішінде екеуін биыл) және 500 маневрлік тепловоздарды (38) алу жоспарда бар.

Көлік және коммуникация министрлігіндегілердің атап өткендей, биылғы жылдың бірінші жартысында броньдау жүйесін енгізу және теміржол құжаттарын Интернет жүйесі арқылы сатуды қолға алмақ. Сонымен қатар, ірі жолаушылар тасымалдаушы станцияларының вокзалдарында билет сататын банкоматтар орнату жоспарланып отыр. Банкоматтар қалааралық пойыздарға билет сатады. Бұл үшін пластикалық банк карточкасын қолданысқа енгізу мүмкін болмақ.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті