Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбыры жобасына біріктіру жөніндегі келіссөздердің кезекті сатысы 2 айдан кейін өткізіледі

Келіссөздердің басты мақсаты - Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан экспорттық мұнай құбырымен тасымалдау туралы Әзербайжан-Қазақстан үкіметаралық келісімінің жобасын дайындау болмақ.

"ҚазМұнайГаз" ҰК" ЖАҚ-ның басқарушы директоры Қайыргелді Қабылдин мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиев басқарған жұмыс топтары деңгейінде аталмыш келісімнің жобасы келісілгеннен кейін құжат екі ел үкіметтерінің қарауына беріледі. Ал Ақтау-Баку жүйесінің инвесторлары мен Әзербайжан және Қазақстан үкіметтері бұл келісімге қол қойғаннан кейін транзиттік келісімдерге қол қойылады.
"Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан экспорттық мұнай құбырымен тасымалдау мәселесі бойынша қазақстандық компаниялармен арадағы келіссөздер одан әрі жалғасуда. Осы мәселе бойынша Әзербайжан-Қазақстан кездесуі таяудағы екі айда өткізіледі",- деді М.Таунсенд.
Ал бұған дейін Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиев "Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан экспорттық мұнай құбырымен тасымалдау туралы Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісімнің жобасы дайын, оған жуық арада қол қойылады",- деп мәлімдеген болатын.
Бұдан бұрын да хабарлағынымыздай, Ақтау-Баку жүйесін қалыптастыру үшін Ақтаудан оңтүстік -шығысқа қарай 76 шақырымда орналасқан Құрық айлағында мұнай сақтау және тасымалдауға арналған жаңа терминал салу, сондай-ақ, жалғастырғыш құбырлар тарту көзделген.
Жүйенің мұнай тасымалдау қуаты жылына 20 млн. тоннаны құрайды, алайда алғашқы кезеңде 7,54 мың тоннаға дейін мұнай тасымалданады деп күтілуде. Инвестиция көлемі үкіметаралық келісімге қол қойылғаннан кейін анықталады. Жаңа жүйе Қашаған кенішінен алғашқы мұнай тасымалдана бастайтын 2006-жылдың соңына қарай саланып бітеді.
Ақтау-Баку жүйесін басқару үшін жеке компания құрылады. Компанияның негізгі инвесторы міндетін Қазақстандағы Қашаған кенішін игеруге қатысушы, ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясында 15 проценттік үлес иемденетін Eni, TotalFinaElf, ConocoPhilips және Inpex тәрізді шетелдік 4 компания атқаратын болады.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil - 8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары тікелей 2003-жылдың сәуір айында басталып, 2004-жылдың 4-тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Мұнай құбырының Әзербайжандық бөлігі 2004-жылдың қыркүйек айына дейін, Грузиялық бөлігі 2004-жылдың қазан айына дейін, Түркиялық бөлігі 2004-жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс. Түркиядағы Жейхан айлағынан Әзербайжан мұнайы 2005-жылдың екінші тоқсанынан бастап экспорттала бастайды.