Н.Әлиевтің айтуынша, келісімнің жобасы қазір дайын. Сонымен бірге ҚР энергетика және минералдық ресурстар министрінен Қазақстан жағының келіссөздерді жалғастыруға дайын екені туралы хат келді. Хатқа қоса Әзербайжан жағына келісімге Қазақстан енгізген түзетулер де жолданды.
Мемлекеттік мұнай компаниясы басшысының атап көрсетуінше, өз тарапынан ол мемлекет басшысы Ильхам Әлиевке энергетика және өнеркәсіп, салық, экология және табиғи ресурстар министрліктері, мемлекеттік кеден комитеті мен келісімге қатысы бар басқа да мемлекеттік құрылымдардан келіссөздерге қатысатын уәкілетті өкілдерді тағайындау туралы өтініш жолдаған.
"Жұмыс топтарының алдағы кездесуін өткізетін орын мен нақты мерзімі әзірге айқындалған жоқ",- деді ол.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбыры арқылы түрлі мұнай сорттарын тасымалдауда мұнайдың сапалық көрсеткіштерінің дерекқоры қалыптасады. Соған сәйкес мұнай құбыры арқылы сапасы төмен Қазақстан мұнайы тасымалданған жағдайда жүкті жіберуші компаниялар ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясына өтемақы төлеуге тиіс.
Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдау жөніндегі келіссөздер Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы мен "ҚазМұнайГаз ҰК" АҚ арасында 2002-жылдың қараша айында басталған. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы үкіметаралық келісім жаңадан Ақтау-Баку жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жүйенің мұнай тасымалдау қуаты жылына 20 млн. тоннаны құрайды, алайда алғашқы кезеңде 7,54 мың тоннаға дейін мұнай тасымалданады деп күтілуде. Инвестиция көлемі үкіметаралық келісімге қол қойылғаннан кейін анықталады. Жаңа жүйе Қашаған кенішінен алғашқы мұнай тасымалдана бастайтын мерзімге дейін саланып бітеді.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil - 8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды.