Дәл осы сауалды «Айқын» газеті елімізге есімі танымал бірқатар азаматқа қойған. Мәселен, осы сауалға жауап берген жазушы Смағұл Елубаев: «Менің ше, «Қазақия» деп атасақ жөн болар еді. Немесе Қазақ республикасы деп, бірақ жақшаның ішінде Қазақия деп жазылса жөн болар еді. Мәселен Ресей дейміз. Шындығында ол- Ресей Федеративтік республикасы ғой. Әлем қысқаша Ресей деп таниды. Сол секілді «Қазақ елі» деп атау шетелдіктерге қиындау тиюі мүмкін. Қазақия десе қысқа және түсінікті», - дейді. Ал Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова да бұл бастаманы қолдайтындығын білдіреді. «Иә, солай деп айтатын уақыт пісіп жетілді. «Мәңгілік елге» айналсақ, болашағымызды ойласақ, осылай деу керек. Бұл ешкімге бөгет болмақ емес. Меніңше, бұл бастаманы бүкіл ел бір ауыздан қолдайтынын білемін», - деді ол.