Қазақстандық әнші Джонатан Дассенмен бірге ән шырқайды

«Мен қатты толқып жүрмін. Кез келген әнді эмоциямен, жүрекпен орындау керек. Ал әнді дуэт болып шырқағанда бір-біріне деген сенім пен түсіністік қалыптастырып, үйлесім орната білу маңызды. Осы орайда, біздің алғашқы дуэтіміз тыңдармандардың көңілінен шығады деп ойлаймын», - дейді Меруерт.

Айта кетерлігі, таяуда Джонатан Дассен Алматыдағы «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында жеке концертін берген болатын. Кеш барысында атақты музыкант әрі композитор Джо Дассеннің ұлы Джонатан алматылық көрермендерге бұрын-соңды әдемі әйелдерді ешқай жерден көрмегенін айтып, ағынан жарылған-ды. Сондай-ақ әнші бұған дейін Қазақстан туралы ештеңе білмегенін, енді Қазақ елін өзінің гастрольдік кестесіне қосатынын айтты.

Енді белгілі әншінің Қазақстанға келуінің тағы бір себебі бар. Қазір ол ақын Карина Сәрсеновамен жұмыс істеп жатыр. Ақынның сөзіне жазылған әнді Меруерт Мүсірәлимен бірге орындауды көздеп отыр.