Қазақстандық арнаулы қызметтер қырғызстандық әріптестерімен бірлесіп халықаралық екі есірткі тасымалы арнасын жойды

"Жуырда ұзақ уақыт бойы Қырғызстан аумағы арқылы Қазақстан Республикасының аумағына аса ірі көлемде есірткілік заттарды контрабандалық жолмен тасымалдаумен шұғылданып келген халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды", делінген департаменттің баспасөз баянында.

Құжатта атап көрсетілгеніндей, бірлескен операция барысында есірткі тасымалдаушы топтың жетекшісі - Тәжікстан азаматы мен топқа белсене қатысушы екі Қырғызстан азаматы құрықталды. Ұсталғандардан 15 килограмм апиын табылып тәркіленді. Есірткі Алматыға жеңіл автокөліктің ішінде жасалған арнаулы жасырын қоймаға тығу арқылы жеткізіліп, қаладағы бір жеке меншік гаражда сақталған, деп хабарлайды ҰҚКД.

Департаменттің хабарлауынша, сондай-ақ, "біраз уақыттан кейін" қазақстандық арнаулы қызметтер қырғызстандық әріптестерімен бірлесіп тағы бір есірткі тасымалы арнасын жойды. Мәселен, Алматыда халықаралық есірткі тасымалдаушы топтың мүшесі- бұрын істі болған Қазақстан азаматы ұсталды, одан 3 килогамм героин тәркіленді.

Аталмыш деректерге сәйкес, ҰҚКД-нің тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 259-бабы бойынша бірқатар қылмыстық істер қозғады. Ұсталғандар ҰҚКД-нің тергеу абақтысында отыр, тергеу амалдары жүргізілуде.

Жалпы алғанда жыл басынан бері Алматы қалалық ҰҚКД қызметкерлері төрт есірткі тасымалдаушы топты құрықтады. Былтыр бұл қызмет апиын тобына жататын 400 килограмм "ауыр" есірткілер мен 3200 дана "экстази" таблеткаларын заңсыз айналымнан шығарды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті