Қазақстандық әскерилер әзірге Ирактан шығарылмайды - үкімет

KZ-today ақпараттық агенттігінің қолына түскен үкімет мәлімдемесінің мәтінінде атап көрсетілгеніндей, "қазақстандық әскерилер Ирак халқына соғыстың ауыр зардаптарынан құтылуға қолұшын беру жұмыстарын одан әрі жалғастыру арқылы осы ел азаматтарының өмірін сақтап қалуды доғармайды".

Дегенмен, мәлімдемеде "Ирактағы соңғы оқиғалар елімізде алаңдаушылылқ тудырғаны рас" делінген. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі халықаралық коалиция қолбасшылығына "Қазақстандық әскерилердің қауіпсіздігін тиісті деңгейде қорғауды " сұрап мәлімдеме жасады. "Қазақстандық әскери контингенттің Иракта қалу-қалмау мәселесі осыған тікелей байланысты",- делінген құжатта.
Үкімет бұл мәлімдемеде басқа елдер мен шетелдік БАҚ-тарды мынадай жәйттан хабардар етеді :"Қазақстан Республикасы халықаралық одақтың Ирактағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қалпына келтіруге бағытталған күш-жігер, талпыныстарын әуел бастан-ақ қолдаған". "Республика парламентінің келісімімен Иракқа инженерлік-саперлік бөлімше жіберу туралы шешім қабылданды. Бөлімше соғыс қимылдарынан қалған жарылғыш заттарды залалсыздандыру функциясын атқарады",- делінген құжатта. Иракта болған 8 айда Қазақстандық әскерилер жарты миллоионнан астам жарылғыш затты жойды.
"Қазақстан Республикасы Ирактағы соғыс зардаптарын жою жөнінде өзіне жүктеп алған міндеттемелерінен бас тартпайтынын дәлелдей отырып, осы бағыттағы БҰҰ-ның күш-жігерін қолдайтынын мәлімдейді",- делінген құжатта.