Қазақстандық ауыр атлеттердің медальдарына қатысты шешім 18 қазанда қабылданады

«Ұлыбритания, Швейцария, АҚШ, Ресей және Қазақстанның зертханалық сараптама жөніндегі мамандары мен қорғаушылар тобы бірнеше айдан бері Лондондағы және Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша допинг-сынамаларында тыйым салынған заттар табылған қазақстандық спортшылар қайта тапсырған сараптамаларды мұқият зерттеді», - делінген хабарламада.

Аталған мамандар тобы Қазақстан Республикасы Ауыр атлетика федерациясының бастамасымен құрылды.

Сарапшылар жұмысының мақсаты - спортшыларымыздың зертханалық құжаттамасындағы тексеріс нәтижесіне кері әсер ететін қателіктерді жібермеу болатын. Әйгілі мамандар қайта талдау барысында ре-анализдерден ешқандай кемшілік таппады. Демек, қазақстандық зілтеміршілердің олимпиадалық нәтижелерін сақтап қалу мүмкіндігі жоқ деуге болады.

Ал, федерация өкілдерінің сөзінше, адвокаттар тобы спортшылардың халықаралық деңгейдегі жеңіп алған медальдары мен атақтарын қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Сонымен қатар олар спортшыларды шеттету мерзімін жеңілдетуге байланысты да нақты шаралар қолданады.


Айта кетейік, аталған мәселелер Халықаралық ауыр атлетика федерациясының құзырында.

Заңдық шаралардың келесі кезеңін ҚР ААФ қоғам өкілдеріне бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратады.