Қазақстандық бітімгершілер Ирактағы жұмысына кірісіп, 1100-ден астам жарылғыш заттарды залалсыздандырды

Хабарламада атап көрсетілгеніндей, 3-қыркүйекте қазақстандық бітімгершілік батальоны Ирактың оңтүстік-орталық аймағындағы әскери басқаруды көп ұлтты дивизияға тапсыру салтанатына қатысты. 5-қыркүйекте инженерлік-саперлік отряд тікелей міндетін атқаруға кірісті.

Сондай-ақ, жергілікті әуежайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бөлімше 300 дабылдық миналар орнатты.
Қазіргі таңда топтың басым бөлігі далалық лагерьде орналасып, оны жабдықтау-жайластыру жұмыстарымен айналысуда. Батальон құрамының денсаулық жағдайы жақсы.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Қазақбатальоны" инженерлік-саперлік отряды екі топқа бөлініп 19 және 20-тамызда Кувейтке ұшып кеткен болатын. Мұнда бітімгершілер күн райының өзгерісіне бейімделу сатысынан өтті. Отряд Бағдад қаласынан солтүстік-шығысқа қарай Иран шекарасына таяу жердегі поляктарға қарасты аймақта орын тепкен. Украиналық бітімгершілік топ та осы аймақта орналасты . Қазақстандық бітімгершілік топтың басты мақсаты - жарылғыш заттар құрылған алаңдарды залалсыздандыру және ауыз су көздерін табу болып табылады.