Қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов WBA суперчемпионымен кездеспек

«Мен Карл Фрочқа қарсылас атануға қуана келісер едім. Егер Фроч чемпионмен айқасқа түскісі келсе, біз менің чемпиондық атағым үшін күрес өткізе аламыз. Миккел Кесслермен кездескен жаман болмас еді, бірақ ол жаңа ғана жеңіліп қалды. Егер Андре Уорд салмағын көтергісі келсе, біз онымен де кездескіміз келеді», - деді қазақстандықбылғары қолғап шебері.

Ол, сондай-ақ, бір жылдан артық шаршы алаңға шықпаса да, бабын жоғалтпағандығын айтып сендірді. «Мен үнемі залдамын. Мен үнемі дайындық үстіндемін, мен дайынмын. Келесі аптада немесе екі аптадан кейін біз менің келесі қарсыласым кім болатынын жариялайтын боламыз», - деп жалғастырды Б.Шүменов.

Таяуда WBO нұсқасы бойынша чемпионы ұлыбританиялық Натан Клеверли қазақстандық боксшымен жекпе-жектен бас тартқаны жөнінде хабарланған болатын. Б.Шүменов өзінің соңғы жекпе-жегін 2012 жылғы 2 маусымда өткізген, ол кезде мексикандық Энрике Орнеласты ұпай санымен жеңген еді.