Қазақстандық боксшылар мен еркін күреспен шұғылданатын балуандар Афиныдан Алматыға оралды

Осы орайда естеріңізге сала кетсек, еліміздің боксшылар құрамасы Афиныдағы Олимпиада ойындарында алтын, күміс және қола жүлделерді жеңіп алды. Ал еркін күрестен балуандар бір күміс медальді қоржынға салды. Жалпы алғанда Қазақстандық олимпиада құрамасы барлығы 8 медаль, соның ішінде 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль ұтып алды. Ел құрамасының қоржынына Афины олимпиадасынан жалғыз алтын медальді Тараздық боксшы Бахтияр Артаев жеңіп әперді. Ол 69 кило салмақ дәрежесінен күш сынасқан.

"Олимпиада ойындарынан алтын медаль жеңіп алғаныма шексіз қуаныштымын. Табысқа күні бүгінге дейін сене алмай жүрмін. Сондай-ақ, Олимпиада ойындарындағы ең айлакер боксшы ретінде Вэл Баркер атындағы кубокқа ие болғаныма да қуаныштымын",- деді Б.Артаев.
Ал еркін күрестен 74 кило салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдеге ие болған Шымкенттік Геннадий Лалиев: "Өкінішке орай, Олимпиадалық ақтық белдесуде Ресейлік Бувайсар Сайтиевтен жеңіліс таптым. Қатты шаршап қалған едім. Дейұрғанмен, күміс медаль де тақияма тар келіп тұрған жоқ, қуаныштымын",- деді.
Афиныдағы Олимпиадада Қазақстан құрамасы бейресми құрамалық нәтиже бойынша 40-шы орынға ие болды.
Құрамалардан АҚШ 35 алтын, 39 күміс және 29 қола медальмен алғашқы, Қытай 32 алтын, 17 күміс және 14 қола медальмен екінші орынға ие болса, ең үздік үштіктің біріне Ресей ілікті. Бұл құраманың қорыжынында 27 алтын, 27 күміс және 38 қола медаль бар.