Қазақстандық боксшылардың жартылай финалға өту мүмкіндігі бар

Танымал қазақстандық маман, «Астана Арланс» бокс клубының бас директоры Болат Мәнкенов жартылай финалға шыққан жерлестерімізге қысқаша сипаттама берді.

«Соңғы уақытта Ваня салмақ қосып алды, бұл өте жақсы. Бойы да бар (205 см). Оған қоса Дычко жылдам қимылдайды. Ваня үшін финалға шығудың барлық мүмкіндіктері бар. Ә.Ниязымбетов - техникалық боксшы. Солақай. Бауырдан жақсы соғады. Егер контршабуылдармен әрекет жасаса, Әділбекте барлығы жақсы болады. С.Сәпиев - қазақстандық боксшылар арасында ең тәжірибелі боксшы, құрамамыздың капитаны. Ең бастысы, оның жеңіске деген құлшынысы бар», - деді Болат Мәнкенов.

«Барлық жігіттеріміздің жартылай финалдарға өту мүмкіндіктері бар, бірақ осы арада оларда өте күрделі қарсыластар болады», - деп қорытындылады Б.Мәнкенов.

Естеріңізге сала кетейік, 10 тамыз күні өтетін жартылай финалдарда 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2005 және 2007 жылдардағы әлем чемпионы (64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) Серік Сәпиев (69 кг) 2009 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ресейлік Андрей Замковоймен кездеседі.

Әділбек Ниязымбетов (81 кг) украиналық Александр Гвоздюкпен күш сынасады.

Супер ауыр салмақтағы Иван Дычко (+91 кг) Ұлыбританиялық спортшы Энтони Джошуамен бокстасады.

ҚазАқпарат спортшыларымыздың 10 күні жарыс жолына шығу кестесін ұсынады.

02.45 - Жартылай финал. Серік Сәпиев (Қазақстан) - Андрей Замковой (Ресей)

03.15 - Жартылай финал. 81 келіге дейін. Әділбек Ниязымбетов (Қазақстан) - Александр Гвоздюк (Украина)

03.45 - Жартылай финал. 91 келіден жоғары. Иван Дычко (+91 кг) - Энтони Джошуа (Ұлыбритания)

Бокс бойынша жартылай финалдық айқастарды тікелей эфирде «Хабар» арнасында сағат 18:30-дан 21:00-ге дейін, сағат 01:30-дан 04:00-ге дейін тамашалай аласыздар.