«Қазақстанда жыл сайын туылатын бала саны 400 мыңға жуықтайды. Бұл бізді ерекше қуантып отыр. Қазақстандағы демографиялық ахуал дұрыс. Бала туу көрсеткіші артқандықтан өлім-жітім де төмендеді», - деп сейсенбі күні ОКҚ өткен брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Мағрипа Ембергенова хабарлады.
М.Ембергенованың айтуынша, соңғы жылдары дәрігерлер салмағы 1500 грамға жетпей туылған нәрестелердің 60 пайызының өмірін сақтап қалуға ықпал еткен. «2008 жылы шала туған сәбилердің 40-ақ пайызы аман қалатын», - дейді М.Ембергенова.
Сонымен қатар, дүниеге келгеннен кейін алғашқы жеті күн ішінде шетінейтін сәбилердің саны 2,5 есе азайған.
«Бұл өте жақсы көрсеткіш. Басқаша айтқанда, біз шала туған балаларды күте білеміз, олардың өмірін сатап қалу жолдарын білеміз», - деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, бүгінде аналар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші үш есеге дерлік төмендеген. 2008 жылы 1000 нәрестенің 20,4-і шетінеп кететін болса, 2013 жылы ол 11,5-ке дейін төмендепті.