Парламенттік Ассамблеясының Хельсинки Қорытынды актісінің 40 жылдығына арналған 24-ші сессиясы ашылды. Шараға 50-ден астам елдің парламенттерінің 300-дей депутаттары қатысуда.
Сессияға Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы қатысуда. Делегация құрамында сенаторлар Михаил Бортник пен Дулат Құсдәулетов, Мәжіліс депутаттары Жамбыл Ахметбеков пен Светлана Бычкова бар.
Парламентшілер ЕҚЫҰ аймағындағы жаңа қатерлер мен қауіптерді, оның ішінде Украинадағы шиеленісті талқылады, сондай-ақ ұйым қызметін одан әрі жетілдіру туралы өз ойларын ортаға салды. Мерейтойға байланысты «Хельсинки плюс 40» құжаты қаралды.
Қазақстан делегациясының басшысы өз сөзінде Астана декларациясына сәйкес, бөлінбейтін қауіпсіздікті нығайту және ЕҚЫҰ кеңістігінде бөліну сызықтарын болдырмаудың маңызын атап өтті. Қазақстандық парламентшілер сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы басқа халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы дүниеге келген АӨСШК-мен ынтымақтастықты өрістетуге шақырды.
И.Адырбеков сондай-ақ Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі 1 жалпы комитеттің отырысына да қатысты.
Сессияның ашылу қарсаңында ЕҚЫҰ ПА Тұрақты комитетінің отырысы болып, онда Италия өкілі Роберто Монтелла ЕҚЫҰ ПА-ның жаңа Бас хатшысы болып тағайындалды.
Одан басқа, отырыс барысында алдағы сессияның іс жүзіндегі және рәсімдеу мәселелері талқыланды, үш Жалпы комитеттің құрамы бекітілді, сондай-ақ 2015-2016 жылдарғы бюджет мақұлданды.