Қазақстандық елшілер Ұлыбританиялық заң шығарушыларға арнап брифинг өткізді

Қазақстан Республикасының Ұлыбритания Біріккен Корольдігіндегі елшісі Ерлан Ыдырысов Ұлыбританиялық заң шығарушыларға Қазақстандағы 2004-жылғы экономикалық және саяси даму саласындағы жетістіктер туралы, республика басшылығының демократиялық процесстерді тереңдетуге бағытталған қадамдары, Қазақстанның 2005-жылға межелеген жоспарлары мен міндеттері туралы әңгімелеп берді.

Атап айтсақ, Е.Ыдырысов мемлекеттік басқару жүйесіне орталықсыздандыру принциптерін тәжірибе жүзінде енгізу, әкімдерді сайлау үрдісін біртіндеп сатылы түрде енгізу, мемлекет өміріндегі парламенттің атқаратын ролін одан әрі арттыру, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін шыңдау, мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы ықпалдастықты нығайту сынды ел өміріндегі өзекті мәселелердің мән-мазмұнын тәптіштеп берді.
Елшінің айтуынша, бұлардың барлығы да Қазақстан басшылығының ел ішінде демократиялық процесстерді тереңдету және азаматтық қоғамды нығайту бағытына бұлтарыссыз ден қойғанына дәлел болмақ.
Кездесуде қазіргі бар Қазақстан-Британия парламентаралық тобының аясында екі ел арасында парламенттік ынтымақтастықты дамытуға қатысты өзекті проблемалар мен оның күн тәртібі талқыланды. Мәселен, Қазастандық өкілдер 2005-жылдың мамыр айында Ұлыбританияның оңтүстік-батыс аймақтарына, ал Британиялық өкілдер 2005-жылғы қазанда Шығыс Қазақстанға сапар жасамақ.
Парламентаралық диалогты дамыту жөніндегі тың бастамаларды жүзеге асыру аясында тараптар Британияның "British East-West Centre" (BEWC) атты қоғамдық ұйымының жетекшісі Лорд Кромвельдің бастамасы бойынша Ұлыбритания мен Қазақстанның депутаттық корпустары арасындағы ықпалдастықты кеңейту жөніндегі жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктері мен Лорд Кромвельдің 2005-жылғы ақпан айына межеленген Қазақстанға сапары туралы саралады.
Брифинг барысында Қазақстан елшісі Қазақстандағы әлеуметтік -экономикалық даму барысы мен оның экономикалық көрсеткіштері, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік сала жүйелеріндегі реформалар, қаржылық сектордағы өзгерістер, жаңа елорда Астананың дамуы, республикадағы транспорттық инфрақұрылым мен БАҚ ахуалы туралы көптеген сұрақтарға жауап берді.
Ұлыбританиялық заң шығарушылар екі ел арасындағы екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жұмыстарға қолдау білдіріп, алдағы уақытта өзара тиімді ықпалдастық аясын кеңейтуге ықпал жасауға әзір екенін айтты.