Қазақстандық елшілер Жеңіс мерейтойына арналған салтанатты шараларға қатысты

Мәселен, Қазақстанның Норвегиядағы елшілігінің жетекшісі Марат Есенбаев Осло қаласындағы Кеңес Одағы әскерлерінің рухына бағышталған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Шараға қатысушылар, соның ішінде Норвегия үкіметінің өкілдері, дипломатиялық корпус жетекшілері, Ұлы Отан соғысы мен партизан қозғалысының ардагерлері соғыстан қайтпаған боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Берлинде Германияда тұратын қазақстандық-ардагерлерді марапаттау рәсімі болып өтті. ҚР президентінің тапсырмасы бойынша елші Қайрат Сарыбай ардагерлерге Жеңістің 60 жылдық мерейтойына арналған төс белгілерді табыс етті. Елші Ұлы жеңіске жету мен соғыстан кейінгі бейбіт жылдарда елді аяғынан тік тұрғызу ісіне қосқан қазақстандықтардың үлесін ерекше атап өтті. Қазақстандық ардагерлер мен елшілік қызметкерлері Трептов саябағы мен Тиргартендегі Кеңес әскерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі де Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды. Ардагерлерге арнап сөз сөйлеген елші Тілеухан Қабдырахманов соғыс жылдары Қазақстаннан 1,5 млн. адам қанды қырғынға аттанып, олардың әрбір екіншісі елге қайта оралмағанын атап өтті. Қазақстандықтар барлық фронттарда бірдей, соның ішінде, Мәскеу, Ленинград және Сталинград қорғанысы мен Курск доғасындағы және басқа да сұрапыл ұрыстарда жанқиярлық танытты.