Қазақстандық фильм Минскте бірінші орын алды

Режиссер Әсия Байғожина түсірген "Сенім жолында" деректі фильмі Минск қаласында өткен "Еуразия.DOC" атты ТМД елдерінің деректі кинолары фестивалінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Today.kz Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильмнің" баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Сенім жолында" деректі фильмі қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі – дін жолындағы адасушылық туралы баяндайды. Негізгі эпизод – дүйім елді дүрліктірген, бірнеше адамдардың өмірін қиып, 40-қа жуық жергілікті тұрғындарды жаралаған қанды оқиға – 2016 жылы маусымның 5-інде болған Ақтөбедегі теракт. 

- Фестивальдің қазылар алқасы үш фильмді үздік деп атады, оның ішінде біздің де фильміміз бар. Фестивальдің бас жүлдесі ресейлік "Форсаж" фильміне бұйырды. "Сенім жолында" фильмін көрермен жақсы қабылдады. Тіпті, кейбіреулері осындай жағдайлардың (діни экстремизм мен терроризм) Қазақстан жерінде орын алғаны туралы естіп таң қалды. 

Фильм екі жыл бұрын жарық көрді. Алайда бүгінгі күні осы фильмге қызығушылық көп болып жатыр. Фестивальдің ұйымдастырушылары фильмнің үзінділерін  ғаламторда көріп, мені тапқан 

Сол үшін де, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Және де Минскіге бірінші рет келіп отырмын, бұл да мен үшін қуаныш. Айта кетсем, фестивальге сценарийдің тең авторы Мереке Қасенова да шақырылған болатын, – деді режиссер Әсия Байғожина.  


"Еуразия.DOC" атты ТМД елдерінің деректі кино фестивалі осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Биыл фестивальге қатысуға 23 елден 150 фильмдер үміт білдірген. Оның ішінен негізгі байқауға 12 елдің 24 деректі фильмі іріктелінді.

Фестивальдің басты мақсаты – Достастық елдерінің талантты документалист-реджиссерлерін қолдау, телевизиялық фильмдерді және кинопублицистиканы жарыққа шығарып жүрген жас киногерлердің есімін ашу, шығармашылық байланыстарды нығайту болып табылады.