Қазақстандық футболшылар Арменияның ұлттық құрамасынан ойсыра жеңілді

Оған грузиялық төрешілер қазылық етті. Беренек Мирослав жаттықтыратын қазақстандықтар бұл ойында Вардан Минаясян тізгінін ұстаған алаң қожайындарына 0:3 есебімен ұтылды. Андрей Сидельников қорғаған қақпаға армяндар 3 допты алғашқы таймда-ақ енгізді. Алдымен, 6-минутта Украинаның Донецк қаласының «Металлург» командасында өнер көрсететін Геворг Казарян көзге түсті. Ал 36-минутта дубльдің авторы атанып, ойынның алғашқы жартысының аяқталуына 3 минут қалғанда Ресейдің «Краснодар» командасында ойнайтын Юра Мовсисян есепті 3:0-ге дейін жеткізді.

Екі ел құрамалары бұған дейін, нақты айтқанда 2006 жылы Еуропа чемпионаты сайысында кездескен болатын. Онда армяндар шотландиялық Ян Портерфильдің бапкерлігімен 2:1 есебімен басым түскен болатын.