Қазақстандық гандболшылар Азия чемпионы атанды

Алматыда осымен екінші рет өтіп отырған бұл дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 2002 жылы қол жеткізген нәтижесін тағы да қайталады. Бұл жолы 19 желтоқсанда жалауы көтерілген аталмыш бәсекеге 8 команда қатысты. 2011 жылғы Әлем чемпионатының лицензиялық жарысы болғандықтан өз тобында 1-2 орын алған Қазақстан, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония құрамалары 2011 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатының жолдамасына ие болды. Жалпы бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы алғашқы ойында биыл Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының чемпионы атанған Қытай спортшыларымен кездесіп 25:22 есебімен ұтқан болатын. Олар одан кейін «А» тобындағы Иран және КХДР құрамаларын ұтып, жартылай финалда «В» тобында 2-орын алған Жапония спортшыларынан 29:24 есебімен басым түсті.