Қазақстандық кәсіпкерлер Қырғызстандағы іс-қызметін тоқтатты

ТұранӘлемБанкінің Қырғызстандағы өкілдігі қызметкерінің ақпаратына сәйкес, 24-наурыз күні таңертең Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы елшісі Өмірзақ Өзбеков осы елде жұмыс істейтін Қазақстандық кәсіпкерлерді жинап алып, осындағы жұмысын тез арада тоқтатып, республика аумағын жедел тастап шығуға қадала кеңес берген. ТұранӘлемБанкінің Қырғызстандағы өкілдігінің қызметкерлері мен елшімен кездесуге қатысқан кәсіпкерлер ел аумағын тастап шықты.

Қазақстан Халық банкі басқармалары төрағасының орынбасары Қожахан Әбеновтың айтуынша, Халық банкінің Бішкектегі еншілес банкі барлық қаржылық операцияларды тоқтатып, банк қызметкерлері көшеге шықпай отыр. Банк операцияларын доғаруға бірінші кезекте қазіргі қалыптасқан жағдайда клиенттер есепшотына қызмет көрсетужәне әсіресе несие тарату шаралары басқаша бағаланып, кері әсерге алып келу мүмкіндігіне байланысты болмақ.
Қ.Әбеновтың айтуынша, қаржыгерлер бұл орайда тек экономикалық себептерге байланысты осындай шешім қабылдаған. Оның пікірінше, Қырғызстан экономикасына Қазақстандық кәсіпкерлердің қосатын үлес салмағы билікке қандай саяси күштің келетінінен қарамастан, мемлекеттің қандай ұстанымға ден қоятынына байланысты болмақ.
Қазақстанның бизнес-құрылымдарының Қырғызстанда одан әрі жұмыс істеуіне әсер ететін басты факторлар ретінде Қ.Әбенов ел аумағында заңдылықтың сақталуын, соның ішінде азаматтар мен инвесторлар құқығының қорғалуы мен экономикалық және жеке бастық қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін атады.
Қырғызстандағы саяси-әлеуметтік тұрақсыздыққа байланысты Халық банкі душар болуы ықтимал шығын көлеміне тоқталған Қ.Әбенов Халық банкінің Қырғызстан Республикасындағы несиелік қоржынының мөлшері мардымсыз екенін және ондай шығын шыға қалған күннің өзінде банктің жалпы қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай әсер ете қоймайтынын атап өтті. Қырғызстанда жұмыс істейтін еліміздің басқа коммерциялық банктері де осындай мардымсыз тәуекелге душар болуы мүмкін, деді ол. Қазақстандық банктер үшін ат төбеліндей ғана Қырғызстан рыногы айтарлықтай шығын қаупін төндіре алмайды, дейді қаржыгер.