Қазақстандық кәсіпкерлер тәтті-кәмпит түрлерін импорттауға уақытша қорғаныс шарасын енгізуді жаппай қолдап отырған жоқ

Мәселен, "Қарағанды кәмпиттері" АҚ кондитерлік фабрикасының бас директоры Виталий Пахненконың айтуынша, Алматы кәсіпкерлерінің қауымдастығы өкілдері сырттан әкелінетін тәтті-кәмпиттерге салынатын баж салығын арттыруға қарсылық білдіруде. Олар бұл қадамды Қазақстан тарапынан Бүкіләлемдік сауда ұйымының талаптарынан шегініс жасау және әділетсіз бәсекелестікке жол беру деп бағалайды.

Ал отандық кәмпит өндірушілер болса бұл уәжбен мүлдем келісе алмайды. Олар үкіметтің уақытша қорғаныс шарасын өнімге баға белгілеу жағдайларын теңестіруге жасалған қадам деп санайды. Айталық, Қостанайдағы "Баян сұлу" АҚ кондитерлік фабрикасының президенті Виталий Трайбердің пікірінше, кондитерлік өнімдерді РФ мен Украинадан импорттаушылар ашықтан-ашық баға демпингі саясатын жүргізу арқылы отандық өнім өндірушілерді тақырға отырғызуда. "Әрине, батыс фирмаларының өнімдеріне біздің ешбір қарсылығымыз жоқ. Швейцарияда немесе Голландияда өндірілген шоколад Қазақстанда жасалған шоколадтан қымбатқа түсетіні айтпаса да түсінікті. Әйтсе де, Украина немесе Ресей кәмпиттерінің бағасы отандық өнімнің бағасынан анағұрлым арзан болумен шектелмей, тіпті өзіндік құнына да жетпей отыр",- деді ол.
Баспасөз мәслихатына қатысушылардың айтуынша, импорттаушылардың демпингтік саясаты қазақстандық өнім өндірушілердің отандық рынокты жаулап алуына тосқауыл қойып отырған басты себеп болып табылады. Қазақстан кондитерлері қауымдастығының президенті Татьяна Курапованың мәліметіне сүйенсек, отандық және шетелдік тәтті-кәмпит өнімдерінің ішкі рыноктағы үлес салмағы бірдей болса, В.Пахненко рыноктың 70 процентін импорт, 30 процентін отандық өнімдер иемденеді дейді. Қауымдастық президентінің айтуынша, отандық кондитерлік фабрикалардың өндірістік қуаты Қазақстан нарығындағы сұранысты (жылына 180 мың тоннаны құрайтын) толық қамтамасыз етуге жеткілікті.