Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер сауалына Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов осылай жауап берді.
«Жалпы, қазіргі күні «Ақтөбемұнайгаз» компаниясында 7 мыңға тарта адам жұмыс жасайды. Соның 6-7 пайызы ғана қытайлық. Олардың барлығы елімізге заңды түрде, квота арқылы келіп жатыр. Мұны құзырлы органдар бақылауда. Ешқандай заңбұзушылықтар орын алған емес», - деді облыс басшысы.
Дегенмен, әкім сервистік компанияларда заңбұзушылықтардың орын алғанын жоққа шығармайды. Оларда жергілікті жұмысшы мен қытайлық маман арасындағы жалақының айырмашылығы анықталып, тиісті шара қабылданған.
«Қазіргі уақытта қытайлық маман мен қазақстандық маманның, мейлі ол бұрғылаушы, мейлі инженер болсын, қарапайым жұмысшы болсын, барлығында жалақы бірдей», - деді А.Мұхамбетов.