Қазақстандық мектептер оқулықпен толық қамтамасыз етіледі – министр

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

«Оқушыларды оқулықпен қамту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Бұл мәселенің ел тарапынан қызығушылық тудыратынын білеміз және ол көп талқыланып жүр. Осы жерде министрліктің стандарт пен білім саясаты үшін жауап беретін орган ретінде жүргізіп отырған саясаты туралы айта кеткім келеді. Біз оқушыларымыздың оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілуіне қол жеткіземіз. Оны іске асыруға әр облыс жеке жауап береді», - деді ол дүйсенбідегі баспасөз мәслихатында.

«Біз бұл мәселе бойынша кеңестер өткіздік. Облыстар барлық оқушылар оқулықпен толық қамтылды деп баяндады. Оңтүстік Қазақстан облысының жекелеген ауылдарында кемшіліктер бар, Ақмола облысында да бірқатар сұрақтар туындады. Бірақ, біз бұл сұрақты көтердік. Облыстар бізді қажетті қаражат бөлінетінін және тиісті мөлшерде оқулық сатып алынатынын айтып сендірді»,- деді министр.

Оның айтуынша, еліміз бойынша оқулық сатып алуға жергілікті бюджеттерден 8,3 млрд теңге бөлінген.


«Жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражатты қосқанда осындай қомақты ақша бөлінді. Бүгінде облыстардың басым бөлігі оқулықтармен 100 пайыз қамтылған», - деп қосты А.Сәрінжіпов.

Сонымен қатар, пән кабинеттерін жабдықтау бағытында да орасан зор жұмыс атқарылған. Мәселен, жергілікті бюджеттер есебінен 700-ден астам жаңа жиынтық сатып алынып, биылғы оқу жылында пайдалануға берілмек.