Қазақстандық өкілдердің қатысуымен Венада өткен кеңесте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесі қаралды

Кеңеске ҚР СІМ-нің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Рахат Әлиев басқарған Қазақстан өкілдері қатысты.
Кездесу аясында Р.Әлиев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ұлттық өкілдерінің жетекшілерімен екі жақты келіссөздер жүргізумен бірге, Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының директорымен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ тәуелсіздігі жөніндегі өкілімен, Ұйымға қазір төрағалық ететін Словения және болашақ төраға - Бельгияның бағдарламаларды үйлестірушілерімен кездесті.
СІМ-нің хабарламасында атап көрсетілгеніндей, жоғары дәрежелі шетелдік дипломаттар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1-қыркүйекте үшінші шақырылған ҚР парламентінің екінші сессиясының ашылуында жария еткен әлеуметтік-экономикалық және саяси модернизациялауға бағытталған бастамаларына қолдау білдірді.
ҚР СІМ-нің ақпаратына сәйкес, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын реформалау тұжырымдамасы 2005-жылдың желтоқсан айында Любляна қаласында өтеді деп межеленген сыртқы істер министрлерінің кездесуінде күн тәртібіне шығарылатын аса маңызды мәселелердәң бірі болмақ. Тұжырымдамаға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 7 елдің көрнекті саяси қайраткерлері тобының нұсқаулары негіз етіп алынды. Бұл топтың құрамында Қазақстанның өкілі де бар.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті