Айта кетейік, акция маусымның 14-іне дейін жалғасады. Кез-келген адам қан орталығына келіп, онкологиялық аурумен ауыратын науқас балалардың өмірін құтқарып қалуға өз үлесін қоса алады.
Биылғы акцияға шоумен Нұртас Адамбаев, Тұрсынбек Қабатов, спортшы Илья Ильин, Диана Снегина, Бүркіт пен Аиша, Әли Оқапов, саясаттанушы Досым Сәтпаев қатысты.
«Қазіргі таңда Қазақстанда донорлардың саны 1000 адамға шаққанда 18 адам. ДДҰ нормаларына сәйкес, ауруханаларды толығымен қамтамасыз ету үшін 1000 адамға шаққанда 50 адам донор болуы керек. Донор қанына лейкемиямен ауыратын балалар, босанатын әйелдер, жаңа туған сәбилер, апаттан жапа шеккен болмаса шұғыл операция қажет ететін науқастар мұқтаж», - деді республикалық қан орталығының директоры Гүлсара Бекмұхаева.
Ұйымдастырушылардың аталған акцияны «Hot Blооd challenge» деп атауы да тегін емес. 2014 жылы Ice Bucket Challenge акциясы бүкіл әлемді шарлап кеткен болатын.
Қан тапсырушылар да енді өздерінің атынан эстафета тапсыра алады. Мәселен, саясаттанушы Досым Сәтпаев акцияны кинорежиссер Ермек Тұрсынов, саясаттанушы Ерлан Қарин Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы директорының орынбасары Айгүл Базарбаеваға табыстады.
14 маусымда «Атакент» көрме кешенінде Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен қорытынды концерт өтеді. Оған қан тапсырғандар тегін кіреді. Билеттердің ішінде Түркияға жолдама ойнатылады.
2014 жылы осындай акция арқылы 1800 литр қан жиналған еді. Биыл ұйымдастырушылар Алматыда - 1000 литр, республика бойынша 3000 литр қан жинауды жоспарлап отыр.