Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Индонезияда өткен информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI) оқушыларымыз 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Министрдің сөзінше, бұл беделді олимпиадаға біздің 4 оқушы қатысты. 90-ға жуық елден келген 350-ден астам қатысушының басын қосқан жарыста 4 оқушымыз да жүлделі орындарға ие болды.
Оралдық Жамбыл Мақсотов пен семейлік Мұхаммадариф Сахмолдин күміс, ал алматылық Ван Ли мен Таймас Қорғанбаев қола жүлдені иеленді.
"Осылайша, қазақстандық оқушылардың 2022 жылы ең беделді халықаралық олимпиадаларда жеңіп алған медальдарының саны рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстан құрамасының қоржынында 27 медаль бар, оның ішінде 3 алтын, 15 күміс және 9 қола. Биыл алғаш рет президенттің қолдауының арқасында халықаралық жарыстардың жеңімпаздары 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы мен ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-да оқуға грантқа ие болады", - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Аймағамбетов оқушыларды жаңа жоғары нәтижелерімен және лайықты марапаттарымен құттықтады.