Қазақстандық қыз Facebook компаниясына жұмысқа орналасты

Бұл туралы The-Steppe хабарлайды.

“Мен Алматыда тудым. КИМЭП-ті экономика мамандығы бойынша тәмамдап, маркетинг саласында шамалы жұмыс та жасадым. Сосын шет елде магистрлік бағытта оқуға түскім келді. 2010 жылы қаңтар айында мен алғаш Сан-Францискодағы жеке институттың дәрістерін ала бастадым”, – дейді Айнұр.

Айнұрға компанияға жұмысқа тұру туралы ұсыныс почтасына келіп түскен. Оған бастапқыда жаңа өнімнің зерттеуіне қатысу ұсынылыпты.

“Facebook-те жұмыс бастардан бұрын, маған “фейсбук нүкте ком деп аяқталатын” қандай да бір мекен-жайдан хат келді. Хатты қуана-қуана ашқаныммен онда тек жаңа өнімнің 60 минуттық төленетін мини-зерттеуіне қатысу ғана ұсынылған екен. Тура өзімнің туған күнімде ол офисті көру бақыты бұйырды. Оның үстіне олар маған ақша төледі. Осыдан соң-ақ, мен олармен келісімге келіп, үш айдан соң жұмысқа шықтым”, – дейді ол.


Айнұрдың сөзінше, ол үнемі осы әлеуметтік желінің фанаты болған екен. Студенттік жылдардан бастап белсенді түрде қолданған. Бастапқыда тек арман ғана болғанымен, Сан-Францискоға келгеннен кейін ол мақсатына айналады.

“Қазір екінші жыл қатарынан келісім бойынша Фейсбук қатарында жұмыс істеп жатырмын. Қолданушылардың талабы негізінде ақпараттарды талдап, күшейтумен айналысамын”, – дейді Айнұр.