Қазақстандық қыздар жағажай волейболынан Олимпиада жолдамасы сарапқа салынған Құрлықтық кубоктын жартылай финалынан сүрінді

20 маусымда басталған бұл дүбірлі додада қыздар жартылай финалдан, ал жігіттер ширек финалдан сүрінді. Атап айтқанда Алексей Сидоренко мен Александр Дьяченко австралияқтарға 1:0, 1:2, Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешов 0:2 боп ұтылды. Ал Татьяна Машкова мен Ирина Цымбалова және Бақытгүл Самаликова мен Любовь Богату қытайлықтарға дәл осындай есеппен есе жіберді. Енді Лондон Олимпиадасының жолдамасын жексенбі күні жігіттер арасында Жапония мен Австралия, әйелдер арасында Қытай мен Австралия құрамалары өзара сарапқа салады.

Жалпы Құрлықтық кубоктың ақтық кезеңіне ерлер арасында 14 елден 28 жұп, әйелдер арасында 13 елден 26 жұп қатысқан болатын. Қазақстандықтар спортшылар жігіттер арасында 1/8 финалда Жаңа Зеландия құрамасын 3:1 есебімен ұтса, әйелдер 1/8 финалда индонезиялықтарды 3:2, ал ширек финалда вьетнамдықтарды 3:1 есебімен ұтты.