Қазақстандық сарапшылар "ҚР парламенті мәжілісінің сайлауына қатысушы саяси партиялар мен үміткерлерге арналған кітап" шығарды

Қазақстанның ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедовтың айтуынша, жобаның басты мақсаты сайлауға қатысушыларға "әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсету болып табылады". Кітапта құқықтық және заңнамалық актілер, Орталық сайлау комиссиясының қаулылары мен басқа да құжаттар жинақталған. Сондай-ақ, оқу құралында институт сарапшыларының нұсқаулары келтірілген.

Қазақстанның ұлттық зерттеулер институты жобаларының үйлестірушісі Андрей Чеботаревтың айтуынша, бұған дейінгі сайлауларда үміткерлерге арналған осындай жадынаманы Орталық сайлау комиссиясы шығаратын. Алайда, осы жолғы сайлауға дайындық барысында мұндай басылым шығарылған жоқ. Саясаттанушының пікірінше, бұл ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәжіліс депутаттары сайлауына "дайындығының осал екеніне" тағы бір дәлел болмақ.
Б.Нұрмұхамедовтың айтуынша, саяси партиялар мен үміткерлер бұл кітапты тегін алады. Кітап таралымы 600 дана. Ал мәжіліс депутаттарының сайлауына қатысу үшін 612 үміткер тіркелген.