Шекара қызметінің хабарлауынша, кеме радиолокациялық құралдардың көмегімен көзге түскен. ПТС-2 деп аталатын жалаусыз кеменің бортында Әзербайжанның 8 азаматы болған.
Сонымен бірге өткен аптада қазақстандық шекарашылар елімізге 10 тонна алюминийді заңсыз енгізуге бағытталған әрекеттің жолын кесті. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қызылорда облысындағы "Нысан" шекаралық бекеті учаскесінде шекарашылар жасағы мемлекеттік шекара сызығын бекет аумағынан тыс жерде кесіп өтпек болған 19 Өзбекстан азаматын ұстады. Өзбекстан азаматтары Қазақстан аумағына КамАЗ және УАЗ автокөліктерімен 4 млн. теңгеге бағаланатын алюминийді алып өтпек болған. Шекара бұзушылар мен контрабандалық жүк "Жосалы" кеден бекетіне өткерілді.
Шекара қызметі тамыздың 7 мен 21-жұлдыздары аралығында есірткі тасымалына қатысты 4 әрекетке тосқауыл қойды. Жамбыл облысында Қырғызстан азаматы ұсталды. Оның заттарына жүргізілген тінту кезінде 300 грамм героины бар дорба табылды. Тұтқын тергеу үшін Жамбыл облыстық ҰҚКД-іне табысталды.
Жалпы өткен екі апта ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі шекара бұзған 581 адамды ұстап, контрабандалық 37 әрекетке кедергі келтірді.