Қазақстандық шекарашылар бекіре тұқымдас балықтардың ірі көлемдегі партиясын тиеген Әзербайжан кемесін ұстады

Шекарашылар браконьерлерді ұстау үшін қару жұмсауға мәжбүр болды, өйткені, қуғын кезінде кеме экипажы бейтарап суларға өтіп кетуге әрекет жасаған. Ескерту мақсатындағы атысқа Әзербайжан кемесі назар аудармағандықтан, шекарашылар кеменің машина бөлімін атқан. Кеме осыдан кейін ғана тоқтауға мәжбүр болды.

Экипаж мүшелері 11 адамнан құралған кемеге жүргізілген тінту кезінде 1,7 тонна бекіре тұқымдас балық шықты.
Бұл күні бүгінге дейін шекарашылар қолына түскен ең үлкен кеме дейді олар. ПТР-50/10 кемесі 100 текше метрге дейін тоңазытқыш камерасы бар өнеркәсіптік траулер-рефрижератор болып табылады. Қазір ол экипажымен бірге Баутино айлағына жеткізіліп, тұтқындалды.
Жыл басынан бері "Батыс" аймақтық басқармасының теңіз шекарашылары Әзербайжанның 8 браконьерлік кемесін ұстады.