Сонымен қатар ерлер мен әйелдер арасындағы командалық жарыстың жартылай финалы өтті.
Бұл туралы Caravan.kz медиа- порталы Vesti.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық Ольга Тихонова 1500 метрде жартылай финалдан ары аса алмады. Бұл сында (1500 метрде) нидерландтық Сюзанне Схюлтинг топ жарса, одан кейін оңтүстік кореялық Чхве Мин Джон мен Ким Джи Ли жайғасты. Ерлерде (1500) оңтүстік кореялық Гён Хван Хонг алтын алды. Күміс бельгиялық Стейн Доминик Десмеге, қола кәріс Тхэ Сон Кимге бұйырды.
Денис Никиша (1500 м) В финалында 6 орын алды. Жарыстан соң қазақстандық спортшы былай деді:
"Бұл мен үшін жақсы көрсеткіш. Нәтижеме көңілім толады. Мен спринтермін. Қысқа қашықтықтағы жарыста барымды салып, жүлдеге таласамын. Одан бөлек 5000 метрдегі командалық жарысқа тыңғылықты дайынбыз. Сондықтан, ертең біз үшін маңызды күн" - деді Денис.
Мың метрге жарыста әйелдер арасында канадалық Кортни Саро ешкімге дес бермеді. Ерлерде нидерландтық Йенс Ван т’ Ваут топ жарды. Ал күміс пен қоланы канадалық Паскаль Дион мен Олимпиада чемпионы Жордан Пьер-Жиль жеңіп алды.
Екі шақырымға аралас эстафетада Оңтүстік Корея құрамасы мәре сызығында жеңісті Қытайдан жұлып әкетті. Үздік үштікті Бельгия түйіндеді.
Еліміздің әйелдер және ерлер құрамасы командалық жарыстың жартылай финалында 4 орын алды. Олар ертең В тобының финалында бақ сынайды.
Әлем Кубогінің 3 кезеңі ертең аяқталады. Жарыстарды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.