Қазақстандық спортшылар Риодағы Олимпиадаға кемінде 115 лицензия иеленуі керек

 Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармалары,  спорт федерациялары өкілдерінің кеңесі барысында  министр Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай мәлімдеді.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2016 жылғы Олимпиада ойындарына спорт түрлері бойынша лицензиялар иелену жоспары бекітілген. «Соған сәйкес, еліміздің ұлттық құрама командалары бұл жолы Лондон Олимпиадасынан кем лицензия иеленбеуі керек», - деді А. Мұхамедиұлы. Оның айтуынша, Рио-да өтетін Олимпиада тұрғысынан алғанда биыл аса маңызды жыл болып табылады, қазақстандық спортшылар лицензиялар сарапқа түсетін халықаралық спорт додаларына қатысады. Сондықтан да, бүгінгі таңда спорт ойындарына дайындық пен қатысу бойынша нысаналы жұмыстар атқарылуда.

«Осыған байланысты, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарын ескере отырып, ұлттық құрама командалардың сапалы дайындықтарын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» қоры тарапынан қосымша қаржыландыру мәселесі шешілсе игі», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.


Еске сала кетейік, 2012 жылы Лондондағы жазғы олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар спорттың 25 түрінен 115 лицензия иеленген болатын.