Олимпиадалық ойында Қазақстан тұңғыш рет ат спортына қатысты. Спорттың бұл түрінде алматылық Тимур Патаров сәтті өнер көрсетіп келеді. Жарыстың бұл түрінің чемпионы мен жүлдегерлері ертең, тамыздың 24-інде анықталады.
Өкінішке орай, шымкенттік Тимофей Емельянов каноэ спорты бойынша медальды уысынан шығарып алды. Ширек финалда румындық спортшымен жарысқан біздің атлет соңғы айналымда толқынды еңсере алмай, қайығын аударып алды. Енді біздің спортшы каноэмен тау слаломында өнер көрсетеді.
Ал алматылық Ершат Авхадиев пневматикалық мылтықпен атуда 15-ші орынды қанағат тұтты.
Қазақстандық ганболшы қыздар өз тобында даниялық спортшылармен кездесіп, 15:40 есебімен жеңіліп қалды. Бүгін, тамыздың 23-інде өтетін жартылай финалдық кездесуде біздің қыздар Ресей құрамасымен ойнайды. Ал жартылай финалдық екінші кездесуде Бразилия мен Дания құрамалары кездеседі.
10 шақырымға аяңдап жүруде өнер көрсеткен шымкенттік Иван Саляхов, қашықтықты жақсы бастағанымен, мәреге жете алмады. Ал алматылық бессайысшы Герман Соболев өз спортында 24 қатысушының ішінде 20-шы нәтиже ғана көрсете алды.
Олимпиада ойындарының ұйымдастырушылары жарыс жолынан шығып қалған спортшылар үшін де күресті жалғастырудың жаңа әдістерін ойлап тауып отыр. Атап айтқанда, бүгін біздің боксшы Әділет Рақышев жасөспірімдер арасындағы екі дүркін әлем чемпионы ирландиялық боксшымен 5 орын үшін таласады. Дзюдошы Қайрат Ағыбаев та бесінші орын үшін күш сынаспақ. Ал эстафетада Азия командасының атынан біздің жеңіл атлет өнер көрсетеді. Бұл нәтижелердің барлығы Олимпиаданың бейресми есебінің алғашқы бестігінде орналасқан «МИКС ТИМ» командасының қоржынына түседі. Бұл - жастар олимпиадасының жаңалығы.
Алдағы уақытта ересектер арасында өтетін халықаралық жарыстарға жоспарлы дайындығына кірісу үшін палуан қыз Зульфия Чиншанло кеше Қазақстанға оралды. Қазақстанның спорттық делегациясы тамыздың 28-інде елге толық құрамда қайтады.