Қазақстандық студенттердің стипендиясы тағы өседі

 2025 жылға қарай студенттердың шәкіртақысы тағы екі есеге өседі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап. 

Министр соңғы жылдары гранттар саны екі есеге жуық өскенін атап өтті. Айтуынша, 2025 жылға қарай гранттар саны кезең-кезеңмен 75 мыңға дейін жетеді.

Сонымен қатар студенттердің шәкіртақысы да көбейеді.

"Президент тапсырмасы аясында студенттердің стипендиясы 2025 жылға қарай екі есеге, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артады", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында.

Айта кетері, қазір бакалавр студенттері 31 423 теңге стипендия алады. Педагогика мамандықтары бойынша оқитын студенттерге 50 400 теңге төленеді.


Болашақ дәрігерлердің шәкіртақысы да екі есеге – 26 186 теңгеден 50 400 теңгеге дейін ұлғайды.

Магистранттардың стипендиясы – 76 950 теңге, докторанттар – 172 500 теңге алады.