Қазақстандық теннисшілер Дэвис кубогы бәсекесіндегі алғашқы ойынын Чехия құрамасымен өткізеді

Бұдан бұрын қазақстандық теннисші жігіттер Швейцария құрамасын 5:0 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама алған болатын.

Қыркүйектің 23-і күні Брюссельде өткен жеребе тарту рәсімінде Чехия командасы бізге қарсылас атанды. Өткен кездесуде швейцариялықтар команда сапында Роджер Федерердің жоқтығымен әлсіз болған еді. Алайда ойыншылар құрамына Вавринка мен Кьюдиннелиден де мықты теннисшілерді жинаған Чехия командасы біздің теннисшілерімізге оп-оңай жеңе салатын қарсылас деп айта алмаймыз.

Чехия құрамасының бас бапкері (ресми атауы капитан) Ярослав Навратил соңғы Сербияға қарсы кездесуге Томаш Бердых, Радек Штепанек, Ян Гайек және Иво Минаржды шақырған болатын. 3:2 есебімен ұтылған Чехия Новак Джокович бастаған әлемнің үздік теннисшілеріне тегеурінді қарсыластық білдірді. Ян Гайек пен Иво Минарж құрама сапына бірде алынып, бірде алынбай жүргендер болса, Радек Штепанек пен Томаш Бердыхтар үлкен теннисте біршама жетістікке жеткен, азулылар қатарына жатады.

Томаш Бердых - әлемдік рейтингте 7-ші сатыда тұрған атақты теннисші. 25 жасар жігіттің 2004-жылы Афины Олимпиадасында Роджер Федерердің өзін жарыстан шығарғаны біраз жайттың бетін ашып тұр. 2009 жылы Чехия құрамасымен «Дэвис» кубогының финалына шыққаны да біздің жігіттер үшін ойға аларлық ақпарат. Үстіміздегі жылы ағылшынның ашық біріншілігі саналатын «Уимблдон» мен «Мастерс» турнирлерінің ақтық сынына шыққан Томаш, соңғы сәтте ғана сүрінген еді.

Радек Штепанек жайлы сөз қозғағанда оның жұптасып өнер көрсетуде өте мықты екенін баса айта кету керек. Себебі, келер жылы Прагада өтетін кездесуде жұптасып ойнайтын бәсеке болатыны белгілі. Ең шешуші - үшінші күнге қойылатын бұл сында жеңіске жету үшін дәл Радек секілді негізгі күшті өз мойнына алатын теннисшілер қажет екені анық. Р. Штепанек - әлемдік тенниске аты көптен танымал, тәжірибелі спортшы. 2003 жылдан бері өзінің жекелей өнер көрсетіп, табысқа жете алатынын дәлелдеп келеді. Сөзімізге айғақ ретінде 2006 жылғы Роттердамдағы жеңіске жеткен алғашқы турнирін айта аламыз. Осыдан кейін теннис көгінде жарқырай бастаған чехиялық Париждегі «Мастерс» жарысының финалында атақты Марат Сафинге ұтылып қалған болатын. Оның жекелей өнер көрсетудегі ең үздік нәтижесі «Уимблдонның» ширек финалы болса, жұптасып сайысуда Иржи Новакпен бірге «US Open» додасының финалисі атанған.